Павлодар облысында менингит ауруына шалдыққандар саны артты
Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі балалар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақта менингитке шалдығу көрсеткіші соңғы жылы аздап өсім көрсеткен. Ағымдағы жылдың басынан бері өңірде менингиттің 22 жағдайы тіркелген, олардың он бірі – балалар. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 19 жағдай анықталған, оның он бірі балалар арасында болған.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, аурудың бұл түрі жыл бойы тіркелгенімен, көбеюі көбіне көктем мен жаз айларына келеді.
– Менингиттің өсуіне маусымдық факторлар, шомылу кезіндегі суықтау және алғашқы белгілерге дер кезінде мән бермеу себеп болуы мүмкін. Әсіресе балалар, жасөспірімдер және иммунитеті әлсіреген адамдар тәуекел тобында. Сонымен қатар, ұйымдасқан ұжымдарда – балабақша, мектеп және студенттік жатақханаларда жұқтыру қаупі жоғары, – деді ол.
Аурудың негізгі белгілері: жоғары температура, қатты бас ауруы, құсу, жарыққа сезімталдық, мойын бұлшықеттерінің сіресуі, әлсіздік, балаларда – құрысу және қатты ұйқышылдық.
– Менингит аса қауіпті ауру, оның ауыр түрлері тез дамып, есту қабілетінің жоғалуына, ми зақымдануына, талмаларға және тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан алғашқы белгілер пайда болған сәтте дереу дәрігерге қаралу қажет, – деді Батырбек Әлиев.
Мамандар аурудың алдын алу үшін келесі шараларды ұсынып отыр: адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу; ЖРВИ белгілері бар адамдармен қарым-қатынастан аулақ болу; ауа райына сай киіну, денені суықтатпау; қолды жиі және мұқият жуу; дұрыс тамақтану және иммунитетті күшейту; науқастармен байланыста болған адамдарға – дәрігер нұсқаулығын қатаң сақтау.
Айта кетейік, өңірдің медициналық ұйымдары науқастарды қабылдауға толық дайын. Қажетті төсек-орын, диагностика құралдары және дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Дәрігерлер тұрғындарды өзін-өзі емдеуден аулақ болып, кез келген күмәнді белгілер кезінде тез арада жедел жәрдем көмегіне жүгінуге шақырады.