Павлодар облысындағы ауылдарда ішімдік саудасына тосқауыл қойылды

Павлодар облысындағы ауылдарда ішімдік саудасына тосқауыл қойылды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Бұл бастама қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың мәліметінше, есептік кезеңде тіркелген қылмыстардың жалпы саны азайған. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ көшелер мен қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар да кеміген.

– Қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі шаралар атқарылып келеді. Жыл басынан бергі он айдың қорытындысы бойынша облыста қылмыс деңгейі 21,6 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткіш бойынша Павлодар өңірі республика көлемінде үшінші орында тұр, – деді ол.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полицейлер ішімдік ішетін және мас күйінде көшеде жүрген азаматтарды анықтау жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Нәтижесінде есепті мерзімде мұндай әрекеттері үшін тоғыз мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұдан бөлек, алкоголь мен есірткіге тәуелді азаматтарды мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы соттарға берілген өтініштердің 321-і қанағаттандырылған. Ал спирттік ішімдіктерді сату талаптарын сақтамаған 440 кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік шара қолданылған.

Алдын алу жұмыстарының оң нәтижесінің бірі – облыстағы 51 ауылда дүкен иелерінің алкоголь өнімдерін сатуды өз еркімен тоқтатуы. Бұл бастама полиция, әкімдік, прокуратура өкілдерінің, кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының бірлескен жұмысының арқасында жүзеге асқан.