Павлодардан Беларуське: туған топырақ батыр қабіріне жеткізілді

Еске алу шарасы Могилев облысы, Быхов ауданының бауырластар зиратында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Майдан жолы» павлодарлық іздеу жасағының командирі Александр Шитовтың айтуынша, дәл осы ауданда, Комаровка ауылының солтүстік шетінде, 1902 жылы туған баянаулық Рахман Жайбосынов жерленген. Ол Қазақ КСР-і Павлодар облысындағы Цюрупин әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылған.
– Қаза тапқан жауынгердің немересі Ақылзада Кенжебаеваның өтініші бойынша, Беларусьтегі «Быховский рубеж» іздеу тобының жетекшісі Сергей Жижиянмен бірлесіп, еске алу рәсімін өткіздік. Жерленген жеріне Қазақстанның бір уыс топырағын қойып, зираттан алынған бір уыс топырақты сарбаздың отбасына жеткізу үшін алдық, – деді Александр Шитов.
Мұрағат деректеріне сәйкес, қызыләскер, атқыш Рахман Жайбосынов 1944 жылдың ақпан айының соңында қаза тапқан.