Павлодарлықтарды отшашудың қаупі туралы ескертті

Павлодарлықтарды отшашудың қаупі туралы ескертті
Фото: pyrohobby.ru

Пиротехниканы сатып алу кезінде жарамдылық мерзіміне назар аудару керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 қаңтарға дейін өңір аумағында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Іс-шара сертификатталмаған бұйымдардың заңсыз саудасы фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған. 

– Сарапшылардың айтуынша, отшашулар мен ұшқындар – қауіпті құралдар. Олар мерекелік көңіл-күй сыйлағанымен, өрттің туындауына, тіпті жарақат алып, күйік бөлімшесіне баруға себеп болуы мүмкін, – деді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.

Тәртіп сақшысы пиротехникалық бұйымдарды тек тиісті лицензиясы бар мамандандырылған дүкендер мен стационарлық сауда павильондарынан сатып алу қажеттігін еске салды.

– Сатып алу кезінде өнімнің жарамдылық мерзіміне міндетті түрде назар аударыңыз. Мерзімі өткен өнімдер ауыр жарақатқа әкелуі немесе жұмыс істемеуі мүмкін. Пиротехникалық бұйымдарды ешқашан ағаштардың, электр желілерінің немесе жанғыш заттардың жанында іске қоспаңыз, – деп атап өтті спикер.

Борис Әлімбаев пиротехниканы 14 жастан асқан жасөспірімдерге тек қатаң қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып және тек ересектердің бақылауымен қолдануға рұқсат етілгенін қоса айтты.