Былтыр Павлодар облысында ұрлыққа қатысты барлық қылмыс ашылды
Қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 0,2 пайызға азайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.
– Өңірде қылмыстық жағдай тұрақты. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтар саны - 0,2%-ға, оның ішінде адам өлтіру - 15,8%, денсаулыққа ауыр зиян келтіру - 15,6%, тонау - 10%, көлік құралдарын айдап кету - 22,4%, алаяқтық - 0,6%, оның ішінде интернет-алаяқтық 10,4%-ға төмендеді, – деді спикер.
Сонымен қатар, көше қылмыстары - 12%-ға, жасөспірімдер қылмысы - 2,9%-ға, отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар 1,1%-ға азайды.
– Он мың халыққа шаққанда қылмыс деңгейі 63-ті құрады, бұл республикалық көрсеткіштен жақсы. Ауыр және аса ауыр қылмыс түрлерінің бетін ашу көрсеткіші 64,5%-ды құрайды. Қарақшылық, көлік айдап кету, көлік ұрлау, қалта ұрлықтарын тергеп, ашу 100 пайыздық көрсеткішке жеткізілді, – деп атап өтті Жасқайрат Қайыров.
Оның сөзінше, адам өлімі қылмыстары мен ұрлық қылмыстарын ашу көрсеткіші 0,4%-ға, пәтер ұрлықтарын ашу көрсеткіші 0,3%-ға жақсарды.
Сондай-ақ, былтыр 95 есірткі қылмысы анықталды. Оның 78 дерегі ірі көлемде есірткі сатуға қатысты. Облыс аумағында есірткі сатумен айналысқан төрт қылмыстық топтың жолы кесілді.