Павлодар жағажайында «ақылды камералар» орнатылады

Павлодар жағажайында «ақылды камералар» орнатылады

Бұл идея Алматы қаласының Сайран көлінен алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодарлықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орталық жағажайда арнайы пилоттық жоба іске асырылады. «Ақылды камералар» көмегімен құтқарушылар суда жүрген тұрғындардың қалтқылардан әрі өтіп кетпеуін бақылай алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Олег Трещев мәлім етті.

– Орталық жағажайда екі камераны орнаттық. Әлі 40 «ақылды камераны» орнатуды көздеп жатырмыз. 16 маусым күні бұл пилоттық жобаны іске қосып, оның қалай жұмыс істейтінін қадағалайтын боламыз,–дейді Олег Трещев.

Оның сөзінше, қалтқыларда арнайы датчик қойылып, смарт сызық жүргізіледі. Қалтқымадан жүзіп кеткен адам туралы сигнал құтқару станцияларындағы мониторларында көрсетіліп, дыбыстық сигнал қосылады.

Жағажай бойымен оқыс оқиғаны болдырмау үшін құтқарушылар қайықпен демалушыларды қадағалайды. Одан бөлек жағажайларда арнайы дайындықтан өткен 195 ерікті құтқарушылар жұмыс істейді.  

Олег Трещевтың айтуынша, жағажайда қараусыз жүрген балалардың саны өсіп кетті.

– Жергілікті атқарушы орган мен полиция бірлесе отырып балалардың ересектерсіз жүру фактілерін анықтау үшін рейдтер ұйымдастырылады. Бүгінде осындай 25 анықталып ювеналды полицияға тапсырылды,–дейді спикер.

 Оның сөзінше, балаларды қараусыз қалдырмау тақырыбында  ата-аналармен бұл жөнінде әңгіме жүргізілген болатын.

Фото: Константин Шелков