Павлодарда экономикаға үлес қосқан еңбек әулеттеріне құрмет көрсетілді

Бір жарым ғасырға жуық механизатор ісіне адалдық танытқан Хамитовтар отбасы облыстағы ең үлкен еңбек әулеттерінің бірі болып саналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінде» ағымдағы Жұмысшы мамандықтары жылы бағдарламасы аясында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова облыстағы еңбек әулеттерінің өкілдеріне алғысын білдірді. Жиынға еңбек ардагерлері мен өңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқан 11 отбасы қатысты.
Хамитовтар отбасы 134 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келеді.
– Хамитовтар әулетінің ең үлкен ұлымын. Әулетіміздің еңбек өтілі –134 жыл. Әкеміз Самат Хамитов бұрынғы Краснокутск ауданы ауылдық училищесін 1963 жылы бітірген. Одан соң Рассвет совхозында механизатор болып жұмыс істеді. 2018 жылы «Мұрагер» шаруашылығын ашты, әкемізбен бірге механизатор болып сол шаруашылықта қызмет жасадық. Екі інім бар, барлығымыз сол ауылдық училищені бітіріп, әкеміздің жолын қудық, – дейді Есен Хамитов. – 2018 жылы әкеміз зейнеткерлікке шыққан соң шаруа қожалығын өз қолыма алып, інілеріммен бірге еңбек етудеміз.
Әкесінің еңбегі ұлдарына мұра болып қалған. Олар кәсіпті дамытуәке алдындағы борыш деп санайды.
– Отбасылық еңбек әулеттері – таңдаған мамандығына, өз ісіне адалдықтың көрсеткіші. Олар болашақта балалары, немерелері мен шөберелері болашағына ұйытқы болып отыр, – деп атап өтті Айгүл Мәлікова. – Жұмысшы мамандықтары жылы еңбек адамы имиджін көтеруге бағытталған. Біздің облыста 50 жылдан астам уақыт бойы мамандар даярлайтын 21 ең көне колледж жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде олар экономиканың түрлі саласында табысты 175 мыңнан астам жұмысшы біліктілік кадрларын шығарды. Бұл колледжде еңбек нарығының қажеттілігін қанағаттандырып, қоғамның дамуына ықпал ететін кадрларды дайындайды, – деді әкімнің орынбасары.
Соңғы жылдары колледж студенттері шетелде тәжірибеден өтуге мүмкіндік алған. Қазірдің өзінде Франция, Германия, Бельгия, Қытай және Ресейде білім алып, тәжірибе жинаған павлодарлықтар да бар.