Павлодарда құтқарушылар бір күнде екі зейнеткердің пәтеріне кірді
Егде жастағы әйелдердің бірі құлап, өздігінен орнынан тұра алмай қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, құтқарушылар бір күнде көмекке мұқтаж екі қарт адамның үйіне шақырту алды.
Алғашқы жағдайда туыстары 1938 жылы туған әйелдің пәтер есігін ашпай жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына келген мамандар полиция қызметкерлері мен жақындарының қатысуымен арнайы құралдарды пайдаланып, есікті ашты. Кейін зейнеткер қызына тапсырылды.
Екінші шақырту пәтерінде құлап, өздігінен тұра алмай қалған 1949 жылғы әйелге қатысты болды.
– Құтқарушылар үш секциялы баспалдақтың көмегімен екінші қабаттағы балконға көтеріліп, пәтерге кірді. Кейін есікті ішінен ашып, зейнеткерді жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды, – деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінде.
Екі жағдайда да құтқарушылар қарт адамдарға дер кезінде көмек көрсетті.