Павлодарда Даңқ ескерткішінің алдында билеген қыздардың ата-аналары жазаланды

Даңқ обелискісінің маңында әдепсіз қылық көрсеткен жасөспірімдердің әрекеті әлеуметтік желіде таралып, көпшіліктің ашуын туғызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне қатысты міндеттерді орындамағаны үшін бірнеше ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тартты.
– Іс материалдарына сәйкес, 2 мамыр күні сағат 16:00 шамасында кәмелетке толмаған төрт қыз И., Ж., С. және Ж. Павлодар қаласындағы Жеңіс алаңында орналасқан Даңқ обелискісінде әдепсіз би түсіріп, бейнеролик жасаған. Бұл әрекеттер кәмелетке толмағандардың әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтитын саналы әрекеттер жасауына жол берілгенін көрсетті. Осыған байланысты олардың заңды өкілдері – Г., Ж., А. және К. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылды, – деді облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, С. (15 жаста) мен Ж. (14 жаста) жасаған әрекеттер – қоғамдық тәртіпті бұзу және ескерткішті қорлау – ұсақ бұзақылық деп танылды. Бұл үшін олардың ата-аналары А. мен К. ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша да жауапқа тартылды. Ал 16 жастағы И. мен Ж. тікелей әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен қыздардың ата-аналары 127-бап бойынша әрқайсысына 55 048 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. А. мен К. қосымша 435-бап бойынша да кінәлі деп танылып, әрқайсысына 19 267 теңге айыппұл салынды.
Сот қаулылары әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Жеңіс күні қарсаңында TikTok-та ұятсыз би түсіріп, Даңқ ескерткішін қорлаған павлодарлық 14–16 жастағы қыздар мен олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік іс қозғалған. Қыздар әрекетін «трендті қайталау» деп түсіндірсе, полиция өкілдері бұл әрекет үшін қоғамдық тәртіпті бұзу және балаларды дұрыс тәрбиелемеу баптары бойынша жауапкершілік қарастырылып отырғанын мәлімдеген.