Павлодарлық турист Маралды көлінде дөрекілік танытқаны үшін айыппұл төледі

Павлодарлық турист Маралды көлінде дөрекілік танытқаны үшін айыппұл төледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шарбақты аудандық соты қоғамдық орында тәртіп бұзған қала тұрғынына қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сот мәліметінше, жаз айында Павлодар қаласының 1971 жылы туған тұрғыны Көлбұлақ ауылындағы Маралды көлінің демалыс аймағында мас күйде қызметтік үй-жайда болған. Ол қоғамдық орында жәбірленушіге былапыт сөздер айтып, агрессивті әрекет көрсеткен.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді.

Іс материалдарын қараған сот оны ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша кінәлі деп таныды. Жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігі негізінде әкімшілік айыппұл сомасы 30 пайызға қысқартылып, 60 550 теңге мөлшерінде белгіленді.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.