Павлодарда пиротехниканың жарылуынан төрт адам жарақат алды

Павлодарда пиротехниканың жарылуынан төрт адам жарақат алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Жаңа жыл түні петардалар мен фейерверктерден зардап шеккендердің қатарында екі кәмелетке толмаған жасөспірім де бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мәліметінше, «103» нөміріне алғашқы шақырту жаңа жыл басталғаннан кейін небәрі 28 минут өткенде түскен. Көмекке 16 жастағы қыз мұқтаж болған. Ол кеуде тұсынан термиялық күйік алып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Сол ауруханаға қолында петарда жарылған 15 жастағы жасөспірім де жеткізілді. Ол екі көзінен және сол қолынан термиялық күйік алған.

– Сағат 01:26-да Кенжекөл ауылынан жедел жәрдем шақыртуы түсті, – деді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Онда 33 жастағы ер адам қолында жарылған пиротехникалық бұйымнан зардап шекті. Қолындағы күйік пен жыртылған жарақаттармен ол №1 қалалық ауруханаға жеткізілді.

Ал 18 жастағы жігіт фейерверктен барлық оқ атылғанын тексермек болған кезде көзінен жарақат алған. Дәрігерлердің тексеруінен кейін ол ауруханаға жатудан бас тартқан.

– Біз павлодарлықтарға тағы бір мәрте пиротехниканың аса қауіпті екенін ескерткіміз келеді, – деді Ирина Мищенко. – Кәдімгі бір тентектік көру қабілетінен немесе қолдың қимылдау мүмкіндігінен айырылуға алып келуі мүмкін. Ең жиі жіберілетін қателіктер – петарданы тұтандырғаннан кейін қолда ұстап тұру және салюттің атылған-атылмағанын тексеруге тырысу. Адамның реакциясы зарядтың детонация жылдамдығынан әлдеқайда баяу. Егер жарақат алсаңыз, күйік шалған жерді салқын ағынды сумен шайып, таза таңғыш салып, жедел жәрдем шақыру қажет.

Медицина қызметкерлері облыс тұрғындарын салюттер мен фейерверктерді ату кезінде барынша жауапкершілік танытуға және өрт шығу немесе өзгелерге зиян келтіру жағдайында жауапкершілік бар екенін естен шығармауға шақырады. Сондай-ақ ересектерге балалардың пиротехниканы қараусыз пайдалануына жол бермеу ескертіледі.