Павлодарда үлгілі ауыл анықталады
Байқау жеңімпаздары арнайы комиссия талаптары бойынша кешенді бағаланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында елді мекендердің экологиялық мәдениеті мен абаттандыру деңгейін саралайтын «Үлгілі ауыл» байқауына өтінім қабылдау жалғасуда.
Жоба ауылдық аумақтарды дамытуға, тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыруға, сондай-ақ қоғамдық игілікке ұқыпты қарау қағидаттарын қалыптастырып, жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталған.
Алғаш рет өткен жылы ұйымдастырылған байқау нәтижесінде Железин ауданының Орловка ауылы, Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп ауылы және Павлодар ауданындағы Ефремовка ауылы финалист атанды.
Биыл үміткерлер қатарын көбейту мақсатында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы LED-экрандарда байқау туралы бейнеролик шамамен 734 рет көрсетілді. Сонымен қатар, ақпарат әлеуметтік желілерде де таратылды. Қазіргі таңда ауыл әкімдіктері мен ауылдық округтерден өтінімдер қабылданып жатыр. 17 шілдедегі мәлімет бойынша, байқауға қатысуға 17 ауыл ниет білдірген.
Облыстың жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының құрылыс және табиғатты қорғау іс-шараларын перспективалық дамыту бөлімінің өкілі Гүлнар Сағитованың айтуынша, биыл өтінім берген елді мекендерді комиссия 17 тамызға дейін аралап, жан-жақты зерделейді.
– «Үлгілі ауыл» байқауы енді жыл сайын ұйымдастырылатын болады. 17 тамызға дейін ауылдарға барып, бағалау жүргізіледі. Комиссия құрамына экономика басқармасы, жер қойнауын пайдалану басқармасы және экология департаментінің өкілдері кіреді. Сараптама барысында жолдардың жай-күйі, қоқыс полигондарының жағдайы, көгалдандыру жұмыстары және басқа да бағыттар ескеріледі, – деді бөлім өкілі.
Байқау нәтижесінде экологиялық талаптарды толық сақтап, абаттандыру мен санитарлық жағдайды жоғары деңгейде қамтамасыз еткен үздік ауылдар анықталады.