Аяғымен тұрмаса: Павлодарда ерте қолдау қызметі ашылды
Жан-жақты маман 0-3 жас аралығындағы баланың функционалдық қабілеттерді дамыту арқылы, ата-анамен байланыс жасайды, @Pavlodarnews.kz.
Павлодар ауданы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің базасында Павлодар қаласындағы алғашқы ерте жастан қолдау қызметі «Дара» қоры мен «Шеврон» компаниясының қолдауымен ашылды. Жобаны ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігі қолдады. Кабинеттің ішінде демеушілер мен қордың арқасында жөндеу жасалып, барлық жабдықтар сатып алынды.
Аталмыш кабинетінің басшысы Айжан Успанованың айтуынша, балаларды ерте қолдау қызметінің мамандарына дамуында ауытқу қаупі немесе даму ерекшеліктері бар 0-3 жас аралығындағы балалары бар отбасылар жүгіне алады.
– Туғаннан үш жасқа дейінгі балада танымдық дағдылар қалыптасады. Яғни, қоршаған әлеммен танысу, сөйлеу, жүру және тағы да басқасы. Егер баланың дамуында белгілі бір кідірістер болған жағдайда оны ерте кезеңде анықтау өте маңызды. Бұл ретте біздің қызметіміз көмек ретінде жұмыс істейді. Арнайы оқытылған маман ата-анамен байланыс орнатып, сәбиге қалай дұрыс қарау керектігін үйретеді. Мысалға, кішкентай бала аяғымен тұрмаса, не болмаса басын ұстамаған жағдайда ата-анасына кемшіліктерді жойып, түзетуге арналған әдістер көрсетіледі, – деді Айжан Успанова.
«Дара» қорының менеджері Айгүл Табергенованың сөзінше, Қазақстан бойынша 17 ерте жастан қолдау қызметі ашылатын болады. Бұған дейін Өскемен, Атырау қалаларында кабинеттердің қызыл лентасы қиылды. Павлодарда үшінші кабинет ашылды.
– Бұл – жай ғана қызмет емес, ол әр түрлі бұзушылықтардың пайда болу қаупін азайту үшін баламен отбасын қолдауға бағытталған жоба. Яғни дамудағы кідірістерді азайтуға және баланың қоршаған ортаға бейімделуіне, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына түсуіне көмектесуге мүмкіндік береді, – деді Айгүл Табергенова.
Оның айтуынша, түзету орталықтарында баланың дағдыларымен жұмыс жасалса, ерте жастан қолдау қызметінде ата-анаға қолдау көрсетіліп, баланың функционалды дамуына көңіл бөлінеді.
Ата-ана ПМПК қорытындысымен Семенченко көшесі, 70 мекенжайындағы №26 мектептің аумағындағы ерте қолдау қызметіне кеңеске барып, тіркеле алады.Түзеу кабинетінің деректері бойынша қазір Павлодарда кемінде 70 отбасы ерте жастан қолдау мамандарының көмегіне мұқтаж.