Шарбақты ауданында мектепке қымбат орындықтар алмақ болған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің еріктілерінің арқасында бес миллион теңгеден астам қаражат үнемделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында еріктілер Шарбақты ауданының білім бөлімі портал арқылы 13 млн теңгеден астам сомаға оқушы орындықтарын сатып алуды жоспарлағаны белгілі болды. Ондағы бір орындықтың бағасы 29 мың теңгені құрады, алайда нарық мониторингі барысында бұл орындықтарды 20 мың теңгеге алуға болатыны анықталды.
Басқа жағдайда Екібастұз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімімен қызметтік автокөлікке трансмиссия ауыстыру қорабын жалпы сомасы 963 928 теңгеге сатып алу жоспары бекітілгенін анықтады. Алайда дүкендегі тауардың құнын зерттеу барысында оның орташа бағасы 177 мыңнан 300 мың теңгеге дейін тұратыны байқалды.
Ал Павлодар қаласының № 2 бөбекжай-бақшасының мемлекеттік сатып алу порталында құны 600 мың теңге болатын көкөністерді кесуге арналған аппаратты сатып алуға конкурс жариялаған болатын. Бірақ «satu.kz» сайтында мұндай тауардың бағасы 450 мың теңгеден аспайды.
– Мониторинг қорытындысы бойынша барлық көрсетілген мемлекеттік органдарға еріктілер бағаны түзету бойынша ұсынымдар жолдады, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің баспасөз қызметінде.
Осылайша қаражаттың тиімсіз пайдаланылуына жол берілмеді. Еріктілердің араласуынан кейін мемлекеттік сатып алу жоспарлары өзгертіліп, облыс бюджеті үшін бес млн теңгеден астам қаражат үнемделді.