Павлодарда 11 жыл күткен сәби дүниеге келді
Сәби экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламасының нәтижесінде дүниеге келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық перинаталдық орталығында 11 жыл бойы сәби сүюді армандаған отбасының қуанышы еселенді. Өмірге келген ұл балаға ата-анасы Заңғар есімін берді.
Жүктілік пен босану жолындағы маңызды кезеңде ана мен балаға Павлодар облыстық перинаталдық орталығының мамандары медициналық көмек көрсетті. Орталық директоры Гүлнар Буратаеваның айтуынша, босандыру жоспарлы кесарь тілігі арқылы жүргізілген.
- Операцияны жоғары санатты дәрігерлер жүргізді. Барлығы жоспарға сай, сәтті өтті. Дүниеге келген нәресте мамандардың бақылауында болып, қажетті медициналық көмек алды. Биылғы тоғыз айда біздің орталықта ЭКҰ нәтижесінде 120 сәби дүниеге келді, – деді Гүлнар Буратаева.
Отбасының ата-ана атануына Астанадағы IRM репродуктивтік медицина клиникасының арнайы қайырымдылық бағдарламасы мүмкіндік берген. Клиниканың 30 жылдығына орай бөлінген тегін ЭКҰ бағдарламаларының біріне Заңғардың анасы Қарашаш Әріпаева да қатысқан.
IRM Clinic Astana медициналық директоры, репродуктолог Баян Әбділманованың айтуынша, көптен күткен нәтижеге жету оңай болмаған.
- Қарашашпен бірге талай қиындықты бастан өткердік. Нәтижеге бірден қол жеткізе алмадық. Бірақ үмітімізді үзбедік. Бүгін сол еңбектің жемісін көріп отырмыз. Бұл оқиға сәби сүюді армандаған өзге отбасыларға да үміт сыйлайды деп сенемін, – деді дәрігер.
Ал Заңғардың әкесі Уәлихан Рахметов қуанышын сөзбен жеткізу қиын екенін айтты. Ол 11 жыл күткен ұлының дені сау болып, бақытты балалық шақ өткізуін тіледі.