Павлодар облысында келесі жылы санитарлық көліктер 100 пайыз жаңартылады
Бүгінгі таңда шалғайдағы аудандардағы медициналық ұйымдардың санитарлық көліктерінің 50 пайыздан астамы жаңартылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашевтың мәлімдеуінше, 10 ауданның әрқайсысында орташа есеппен 12 көлік бірлігі бар. Өңірде 2023 жылдан бастап шалғайдағы аудандардың медициналық ұйымдары үшін санитарлық көлікті кезең-кезеңмен жаңарту басталды.
– 2023 жылы 37 көлік, ағымдағы жылы 39 көлік сатып алынды. Сонымен, бүгінгі таңда көліктердің 50 пайыздан астамын жаңарттық. Келесі жылы бұл пайызды 100 пайызға дейін жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Шамамен 120 бірлік санитарлық көлік сатып алынады, – деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта қолданыстағы 2017 жылғы Жапонияда өндірілген «Атом 707» көлік инкубаторы мезгіл-мезгіл жұмыс істемей қалатын болған. Осыған байланысты облыстың қалалары мен аудандарынан санитарлық авиация желісі бойынша тасымалданатын шала туылған ауыр жағдайдағы балаларға көмек көрсету сапасына қауіп төнді. Бұл ретте, Павлодар облысының әкімдігі мен «ERG» компаниясы арасындағы 2024 жылға арналған әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру жөніндегі меморандум аясында облыстық жедел жәрдем станциясының санитарлық авиация қызметі үшін 45 миллион теңге сомасына көлік инкубаторы (кувез) сатып алынды.