Павлодарда алаяқтардың айдауымен зейнеткерлер банкке петарда апарған
Оқиға салдарынан екі адам жеңіл жарақат алып, полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бүгін сағат 16:00 шамасында болған.
Тергеу барысында зардап шеккендердің бұған дейін телефон алаяқтарының құрбаны болғаны анықталды. Олар жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, қомақты қаржысынан айырылған.
– Полиция бұл іс бойынша тергеу жүргізіп, дропперлердің рөлін атқарған тұлғаларды анықтап, жауапкершілікке тартқан. Сондай-ақ сот тәртібімен жәбірленушілердің ұрланған қаражатын қайтару шаралары қолға алынған. Алайда кейін алаяқтар зейнеткерлермен қайта байланысқа шығып, бұрын жоғалтқан ақшаны қайтарып береміз деген желеумен оларды торт пен петарда сатып алуға көндірген. Қаскөйлердің нұсқауын орындаған зейнеткерлер торттың ішіне жасырылған петарданы тұтатқан, – делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдіктілерді анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Алмаз Төкеновтың айтуынша, бір рет алаяқтардың құрбаны болған адамдар қайтадан олардың нысанасына айналуы мүмкін.
Полиция азаматтарды бейтаныс адамдардың телефон арқылы берген нұсқауларын орындамауға шақырады. Ведомствоның мәліметінше, банк қызметкерлері, құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік мекемелердің өкілдері ешқашан ақша аударуды, қауіпті әрекеттер жасауды немесе күмәнді тапсырмаларды орындауды талап етпейді.
Егер осындай қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатып, жақындарыңызға хабарлап, полицияға жүгіну қажет.