Павлодарда балабақшадағы тамақ бағасының өсуі желіде қызу талқылануда
Күніне тамақтану 853 теңгеден 1088 теңгеге көтерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ата-аналардың бірінің айтуы бойынша, былтырғы жылы түбіртек айына 17 мың теңгені құрайтын. Ал 2024 жылдың қаңтар айында сома 23 мың теңгеге дейін өсіп кеткен.
– Осыны реттеп отырған кім? Балаларымыз бір балабақшаға барады. Ата-аналардың есебінен тәрбиелеушілердің жалақысын көтеріп отыр ма сонда? – дейді желі қолданушысы.
Наразылыққа байланысты №1 сәбилер бақшасының мәліметінше, ата-аналар шартқа және мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес баланың тамақтануына жұмсалатын шығындардың жүз пайызын ғана төлейді.
–Бұл ата-аналық төлем балаға барған күндер санынан, мәзірге енгізілген өнімдер жиынтығынан және сатып алынған азық-түлік құнынан тұрады. Бұдан басқа, қаулыда азық-түлікті тұтыну нормалары көзделген. Статистикалық мәліметтерге сәйкес жекелеген тамақ өнімдеріне олардың құнының өсуі байқалады.
– Мұғалімдердің жалақысы мәселесі бойынша біз жалақы, коммуналдық қызметтер және басқа да шығындар бюджеттен толығымен өтелетінін түсіндіреміз. Тағы да еске сала кетейік, ата-аналар балалардың тамақтануына кететін шығындардың жүз пайызын ғана төлейді, – дейді мекемеде.
Балабақшада төрт мезгіл тамақ беру ұйымдастырылған. Сонымен қатар, қосымша екінші таңғы ас та бар.