Павлодарда подъезде ұйықтаған екі мас адам детоксикация орталығына жеткізілді
Оларға айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Олжабай батыр көшесі, 7/1 үйінің кіреберісінде төртінші және жетінші қабатта екі адам мас күйінде ұйықтап жатқан. Тәртіп сақшылары келгенде алкогольдің өткір иісі шығып тұрған. Сондай-ақ Ломов көшесі, 179/1 және Толстой көшесі, 84 мекенжайындағы үйлердің кіреберісі мен тамбурында жатқан тұрғындар үйлеріне жете алмаған.
– Ер адамдар есін жиғанға дейін уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді. Қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін әрқайсысына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды, – деді Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Полицейлер кіреберісте бөгде азаматтар жатқан болса, дереу 102 немесе учаскелік телефонға қоңырау шалуды сұрайды. Полиция қызметкерлері міндетті түрде келіп, қажетті шараларды қабылдайды.
Айта кетерлігі, 2023 жылы мас күйінде пайда болғаны немесе қоғамдық орындарда алкоголь ішкені үшін аймақтың 9682 тұрғыны жазаланған.