Павлодарлық сахнада би арқылы табысқан талантты жанұя бір-біріне шабыт сыйлауда

Қазір жас отбасы бір қыз тәрбиелеп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Отбасы күніне орай облыстық филармония И.Байзақов сахнасында тек өнерімен ғана емес, отбасылық құндылықтарымен де елге өнеге болып жүрген жанұяларға құрмет көрсетілді. Солардың бірі – Валовтар отбасы.
Филармониядағы «Нұр» би ансамблінің әртістері Филипп Валов пен Наталья Валова осыдан үш жыл бұрын дәл осы өнер ордасында танысқан. Уақыт өте келе олар шаңырақ көтеріп, бүгінде Анна есімді кішкентай қызын тәрбиелеп отыр.
Филипп Валов – бала кезінен бимен айналысып келе жатқан өнерпаз. Ол бал биінің шебері болса, Наталья – кәсіби хореограф, «Нұр» би ансамблінің бишісі. Ерлі-зайыптылар бүгінде халық билерін орындап, филармония сахнасында өнер көрсетумен қатар, алыс-жақын шетелдерде өткен концерттерге де қатысып жүр. Алдағы уақытта «Нұр» ансамблімен бірге Кореяға гастрольдік сапарға бару жоспарлануда.
– Би тек сахнада ғана емес, үйімізде де бар. Біз бірге жаңа қимылдарды үйренеміз, бір-бірімізден шабыт аламыз. Тіпті қызымыз Анна да болашақта би жолын таңдауы әбден мүмкін, – деді ол.
Наталья Валованың айтуынша, қазір өзі бала күтіміне байланысты демалыста болғанымен, сахнадан қол үзген жоқ.
– Сахна әрқашан өзіне тартып тұрады. Өнер – біздің өміріміздің бір бөлігі. Қиындықтар болғанымен, оларды өнерге деген махаббат жеңілдетеді, – деді ол.
Валовтар отбасы – отбасы күні мерекесінің айқын көрінісі. Шығармашылықты отбасылық өмірмен үйлестіре білген олар – жас буынға үлгі, өнердің құдіретін дәлелдеген жандар.