Павлодар облысында қосымша жағажайлар ашылмайды
Облыс аумағында барлығы 47 жағажай бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Қыдыржан Наскенов өңір аумағында барлығы 47 жағажай, оның ішінде 27 коммуналдық және 20 жеке жағажай бар екенін мәлім етті.
– Ағымдағы жылы жағажайлар санын ұлғайту көзделмеген. Себебі, аймақ тұрғындары мен жергілікті атқарушы органдардан өтінімдер болмады, – деді басқарма басшысы. – Бұдан бөлек, биыл коммуналдық жағажайлардың қауіпсіздігі мен абаттандырылуын қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 122,3 миллион теңге қаражат қарастырылды.
Оның айтуынша, шомылу маусымына дайындық ретінде құтқару жасағымен зерттеу жұмыстары өткізілуде. Бүгінгі таңда алты жағажай зерттелген. Атап айтқанда, Павлодарда екі жағажай – Усолка және орталық жағалау, Баянауылда төрт жағажай тексеруден өтті. Қалған жағажайларда Ертіс өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты зерттеу жұмысын өткізілмеді. Себебі, зерттеу жұмыстары екі метр тереңдікке дейін жүргізіледі.
– Жалпы Павлодар облысында шомылуға тыйым салынған 177 орын бар. Оның 43-і 2GIS мобильді қосымшасында көрсетілген. Қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, жеті АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, – деді спикер.
Қыдыржан Наскенов облыс аумағында өткізілетін барлық іс-шараларға қарамастан, су айдындарында азаматтардың қаза болу фактілері бар екенін атап өтті. Жыл басынан бері шомылуға тыйым салынған жерлерде үш жағдай орын алған. Ал, 2023 жылы шомылу маусымында алты адам суға батып кетті, оның үшеуі – бала.
– Белгілі бір ережелер бар. Атап айтқанда, тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде шомылуға болмайды. Жабдықталған учаскелерде қалқымалардан асып жүзу қауіпті. Сондай-ақ алкоголь ішуге, су айдындарында ойнауға, көмекке жалған өтініш беруге тыйым салынады. Сондай-ақ, ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмауы тиіс, – деді спикер.
Айта кетейік, жалпы саны сегіз құтқару бекеті бар: алтауы – орталық жағалауда, екеуі – Усолка шағын ауданында. Сондай-ақ, биылғы жылы да камералар жұмыс істейді.