Павлодарда бұрынғы есірткі тасымалдаушылары жастарға үндеу жасады
Өңірде жастарды есірткінің заңсыз айналымына тартылудан сақтандыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Науқан аясында есірткі тасымалдағаны үшін сотталып, қазір пробациялық бақылауда жүрген азаматтардың қатысуымен әлеуметтік бейнеролик түсірілді.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, «Есірткі тасымалдаушысы – бұл нақты қылмыстық жауапкершілік» атты бейнероликтің басты ерекшелігі – онда актерлер емес, өз қателігін бастан өткерген нақты адамдардың оқиғасы баяндалады.
Бейнероликке қатысушылар интернет арқылы оңай әрі тез ақша табуға ұмтылғандарының соңы бас бостандығынан айырылуға, өмірлік жоспарларының күйреуіне және жақындарының қайғысына әкелгенін ашық айтады. Олар жастарды мессенджерлерде таралатын «жеңіл табыс» туралы ұсыныстарға сенбеуге шақырады.
– Интернеттегі «кураторлар» ешқандай қауіп жоқ деп сендіреді. Бірақ шын мәнінде бұл жолдың соңы – түрме. Бұл салада оңай ақша болмайды, оның ақыры әрдайым қылмыстық жауапкершілікпен аяқталады, – деді департаментте.
Жоба авторлары бұрын сотталған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне де ерекше көңіл бөлген. Олар бүгінде заңға бағынып өмір сүріп, еріктілер қозғалысына қатысып, жастардың дәл осындай қателікке бой алдырмауы үшін өз тәжірибелерімен бөлісіп жүр.
Бейнеролик кейіпкерлерінің бірі үшін ең ауыр сәт – ұсталған кезі емес, сот залында анасының көз жасын көру болған.
– Мен небәрі 22 жаста едім. Жақсы киініп, қымбат телефон алғым келді. Telegram-нан оңай ақша табу туралы хабарландыруды көріп, сеніп қалдым. Бірнеше «тапсырманы» орындап, кейін кетемін деп ойладым. Бірақ бәрі санаулы секундта аяқталды. Бүгін чаттарда отырып «мені ұстамайды» деп ойлайтын жастарға айтарым – ойланыңдар. Бұл бизнесті ұйымдастырушылар үшін сендер тек қолданылатын адамсыңдар. Олар пайда көреді, ал сендер түрмеге кетесіңдер, – дейді ол.
Полиция есірткі бизнесіне «жасырушы» немесе тасымалдаушы ретінде қатысудың ауыр қылмыс екенін еске салады. Мұндай әрекеттер үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар құқық қорғау органдары цифрлық кеңістіктегі «анонимділікке» сенбеуге шақырады. Мамандардың айтуынша, интернеттегі жеңіл табыс туралы әрбір ұсыныстың артында адамның тағдырын өзгертуі мүмкін ауыр қылмыс тұр.