Павлодарда экстремистік топқа адамдарды тартпақ болған тұрғын сотталды
Ол Қазақстанда тыйым салынған идеологияны насихаттаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының № 2 сотында ҚР ҚК-нің 405-бабының 2-тармағы, 256-бабының 1-тармағы бойынша ер адамға қатысты қылмыстық істер қаралды.
Іс материалдары бойынша 2023 жылы 44 жастағы тұрғын ҚР аумағында экстремистік деп танылған және тыйым салынған «Хизб-ут-Тахрир-әл-Ислами» ұйымының қызметіне белсенді қатыса бастаған, оның ішінде осы ұйымның жақтастары мен қатысушыларының санын көбейту мақсатында оның идеологиясын өзінің тұрғылықты жерінде насихаттаған.
Ол аталмыш ұйымның идеология материалдарының кең ауқымын тарату мақсатын көздей отырып, қазан-желтоқсан айлары аралығында қоғамдық қауіпті және қылмыстық сипаттың бар екенін біле отырып, тұрғылықты жері бойынша діни сабақтар өткізді. Бейнефонографиялық сараптама өткізген сарапшыларының қорытындыларына сәйкес, зерттеуге ұсынылған материалдарда діни себептер бойынша зорлық-зомбылық идеологиясын насихаттау, қарулы жиһадты, терроризмді насихаттау белгілері бар, бірақ терроризм актісін жасауға қоғамдық шақырулар жоқ.
Айыпталушы сотқа дейінгі тергеу барысында берген айғақтарға сілтеп, сотта айғақ беруден бас тартты. Ол өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді, сондай-ақ, санкцияда көзделген баптың ең аз шегінде жаза тағайындауды сұрады.
Сот ер адамды ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігінің негізінде қылмыстардың жиынтығы бойынша неғұрлым қатаң жазаны сіңіру жолымен орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыруды өтеуге түпкілікті тағайындады.