Екібастұз полицейлері JAC автокөлігін жеңіп алды
Өңірдің тәртіп сақшылары «СПОРТ-Сити» спорт кешенінде Қазақстанның қылмыстық іздестірудің 106 жылдығына арналған спорттық іс-шаралар өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шағын-футбол матчтары, ату жарыстары, тартылу, арқан тарту және армрестлинг жарыстары ұйымдастырылды. Күш, төзімділік және командада жұмыс істей білу сынақтарына облыстың, қалалар мен аудандардың жедел қызметтерінің құрамында 12 команда қатысты. Командалар бас жүлде – автомобиль үшін бақ сынады.
Жарысқа қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйлеген Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов күштің ғана емес, төзімділік пен командалық келісімнің үлгісі болып табылатын спорттық іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ қатысушыларға сенімділік, жеңіске деген ұмтылыс және көшбасшылыққа деген құштарлық тіледі.
Шағын-футболдан жарыстарда Екібастұз қаласы полиция басқармасының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерінің командасы иеленді. Үшінші орын криминалдық полиция командасына бұйырды.
Арқан тартыста ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының командасы алтын медальді қанжығасына байлады. Криминалдық полиция командасы күміс пен өзіндік қауіпсіздік басқармасының командасы қола еншіледі.
Армретслинг бойынша Тереңкөл ауданы полиция бөлімінен Сергей Козлов үздік атанды, тұғырдың екінші сатысына полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасынан Наурызбай Төлеген көтерілді.
Екібастұз қаласы полиция басқармасынан Даут Ғали көшбасшылардың үштігін түйіндеді. Тартылуда шиеленісті күресте Ертіс ауданы полиция бөлімінен Арғын Тезекпай сенімді жеңіске жетті.
Тәртіп сақшыларының табельдік қаруды игеру және оны дағдарыс жағдайында шебер қолдану дағдылары мен қабілеттеріне кейде азаматтар мен полицейлердің өмірі байланысты болады. Әйелдер арасында жеке есепте бірінші орынды Павлодар қаласы полиция басқармасы солтүстік полиция бөлімінен Арайлым Ерғазина жеңіп алды.
Жалпы командалық есепте шиеленісті күрестің нәтижесінде Екібастұз қаласы полиция басқармасының командасы үздік атанып, бас жүлде – автомобильге ие болды. Екінші орынды полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының командасы, үшінші орынды криминалдық полиция басқармасының командасы иеленді.
– Біз күн сайын заңсыз қол сұғушылықтан қорғай отырып, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаймыз. Мұндай іс-шаралар кәсіби дайындықты арттыру мақсатында өткізіледі және ұжымдық рухты нығайтудың тамаша әдісі болып табылады, яғни ұжымды біріктіреді, – деп атап өтті жеңімпаздар командасының капитаны Руслан Сүлейменов.
Іс-шара соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.