Павлодарда ер адам өзіне-өзі бензин құйып өртемек болды
29 жастағы қала тұрғыны мұндай әрекетті мас күйінде жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әлеуметтік желіде екі тұрғын өздерін бензинмен өртеп жібергені туралы видео пайда болды. Видеоның авторы бұл әрекетті олар полиция қызметкерлері қысым көрсеткендіктен жасады деп түсіндірген. Яғни, екі азамат басқа бір қала тұрғынынан 800 мың теңге көлемінде ақша бопсалап жатыр деген айып тағылғанын айтқан.
Павлодар облысының полиция басқармасында бопсалау фактісі болғанын растады.
– 24 сәуірде сағат 00:05-те Павлодар қаласында Малайсары батыр және Кіші айналма жол көшелерінің қиылысында 29 жастағы ер адам мас күйінде өртеу арқылы өзіне-өзі қол жұмсамақшы болған. Оқиға салдарынан күйік алған ер адам ауруханаға жатқызылды. Осы фактіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 105-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – дейді басқарманың баспасөз қызметінде.
Облыстық жедел жәрдем станциясында ер адамды ауыр деңгейде күйік шалғанын хабарлады.
– 23 сәуірде сағат 23:08-де Кіші айналма жолында 29 жастағы ер адам үстіне бензин шашып, өзін-өзі өртеп жібергені туралы хабарлама түсті. Жедел жәрдем қызметі оқиға орнына 9 минуттың ішінде жетті. Ол әртүрлі дәрежеде дене күйігін алды: басы, қолы, аяғы, мойыны, – дейді жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша ер адамды №1 қалалық ауруханаға жатқызылды.
– Оның жағдайы өте ауыр. Денесін 65 пайыз күйік шалған. Өкпені жасанды желдету аппаратында, реанимация бөлімінде жатыр, – дейді басқармада.
Полиция басқармасында ер адамның қала тұрғынын бопсалаған деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті.