Павлодар облысына тартылған инвестиция көлемі едәуір артқан

Павлодар облысына тартылған инвестиция көлемі едәуір артқан

Үш айда өңір экономикасы 3,5 пайызға өскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук мәлім етті. 

– Бірінші тоқсанда облысымызда азық-түлік бағасы 3,7% өсті. Дегенмен, экономиканың барлық саласында оң көрсеткіштер бар. Осы уақытта өңірде 742,1 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Агроөнеркәсіпте өндіріс 5,3% артты. Облыс экономикасына 117,5 миллард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,4% жоғары, – деді Ирина Назарчук.

Басқарма басшысының айтуынша, инвестицияның 83% кәсіпорындардың жеке қаржысы болса, 9% бюджеттік қаржыны құрайды. 

Сондай-ақ тұрғын үй құрылысында өсімдер байқалады. Жыл басынан бері 45,7 мың ш.м. баспана салынып, көрсеткіш өткен жылғыдан 7,5% артқан. Ішкі сауда көлемі де 4,7% артып, 240,2 млрд теңгені құрады. 

Ирина Назарчук экономикалық дамуы ақсап отырған аудандар бар екенін атап өтті. Ақсу қаласы мен Баянауыл, Ертіс, Шарбақты аудандарында өндіріс саласында көрсеткіштер орындалмаса, Май ауданында бөлшек сауда көлемі азайған. Ал, Ақтоғай ауданында мүлде баспана салынбаған. 

Аталған аудан басшылары экономикалық көрсеткіштердің неліктен орындалмай қалғандарын түсіндірді. 

Жиында облыс әкімі Асайын Байханов айта берсе сылтау табылатынын айтып, нақты жұмысқа көшуді тапсырды. 

– Ақталуға себеп табуға бәріміз шеберміз. Нақты экономикалық ахуалды бақылауда ұстап, жұмыс істейік. Жұмыстың нақты нәтижесіне қол жеткізу керек. Көрсеткіштерді қатаң бақылап қана қоймай, күнделікті жұмыс атқару керек. Әлі де ай сайын осы көрсеткіштерді қарастыратын боламыз, – деді облыс әкімі. 

Сонымен қатар, жиында Павлодар облысының қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатов 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша облыс бюджетіне 71,5 млрд теңге кіріс жоспарланып, нақты 77 млрд теңге кіріс түскенін атап өтті. Оның көбі салық есебінен түскен.

Ал, бюджеттен 88,5 млрд теңге шығын жұмсалады деп жоспарланып, 88,4 млрд теңге шығын шыққан. 67,2 млн теңге игерілмей қалған. Оның 21 млн теңгесі – үнемделген қаржы. Игерілмеген қаржы құрылыс саласына тиесілі.

Фото: ашық дереккөздерден