Павлодарда ескерткішті қорлаған қыздарға қатысты сот қаулысы шығарылды

Павлодарда ескерткішті қорлаған қыздарға қатысты сот қаулысы шығарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ұятсыз билеген жасөспірімдерге айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған 2008 және 2009 жылдары туған қыздарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. 

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 2 мамырда сағат 16:00 шамасында кәмелетке толмаған қыздар Даңқ алаңында болып, Даңқ обелискі мен Мәңгілік алаудың жанында ұятсыз билермен бейнеролик түсірген. Осылайша, жасөспірімдер ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 4-бөлігінде көзделген ұсақ бұзақылықты жасаған. 

Сот отырысы барысында екі кәмелетке толмаған қыздар кінәсін толық мойындады.         

16 жастағы қыздың бірі саябаққа хореографтың шақыруы бойынша басқа қыздармен бірге Жеңіс күніне арналған бейнероликті түсіру үшін келгенін айтты. Оның айтуы бойынша «TikTok» әлеуметтік желісінен көрген трендті  үлгіден кейін биді түсіру идеясы туындаған. Түсірілген бейнеролик Instagram желісіндегі жабық парақшаға «Саябақты қорлаймыз» деген орынсыз жазумен жарияланған.           

Екінші жасөспірім осыған ұқсас түсініктеме беріп, бейнероликті түсіруге қатысуы 9 Мамыр мерекесін атап өту жоспарына байланысты екенін, бірақ мазмұны мен көрсету орынсыз болғанын айтты.         

– Сот ұсынылған материалдарды қарап, кәмелетке толмаған екі қызды әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына 10 АЕК 39 320 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындады, – деді Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінде. 

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, Жеңіс күнінің қарсаңында әдепсіз би билеген павлодарлық төрт қыздың видеосы әлеуметтік желіні шулатып, тұрғындардың арасында үлкен наразылықты тудырды. Полиция департаментінің баспасөз қызметі ерсі қылықты түсіріп, TikTok-қа жариялаған 14-15 жасар және 16 жастағы колледж студенті жазасыз қалмайтынын мәлім етті.