Павлодарда Даңқ ескерткішін ұятсыз бимен қорлаған қыздар қалай жазаланады?

Жасөспірімдер тренд қайталамақшы болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жеңіс күнінің қарсаңында әдепсіз би билеген павлодарлық төрт қыздың видеосы әлеуметтік желіні шулатып, тұрғындардың арасында үлкен наразылықты тудырды. Полиция департаментінің баспасөз қызметі ерсі қылықты түсіріп, TikTok-қа жариялаған 14-15 жасар және 16 жастағы колледж студенті жазасыз қалмайтынын мәлім етті.
– Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қатысты 434 және 435-баптарға сәйкес хаттамалар толтырылды. Яғни, қоғамдық жерде жасалған басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын ұсақ бұзақылық үшін жазаланады. Сондай-ақ, 127-бап 3-бөлігі бойынша заңды өкілдердің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру жөніндегі шараларды орындамауға қатысты жазаланады, – деді Павлодар облыстық полиция департаментінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы Мадина Ниязбекова.
Оның сөзінше, материалдар ювеналды сотқа жіберілді. Әдепсіздік жасаған қыздардың сөздерінен олар TikTok-ғы трендті қайталағысы келген. Бұл мақсатта жасөспірімдер Даңқ ескерткішінің артында ұятсыз би билеп, оны «Жеңіс саябағын қорлаймыз» деген жазбамен жария еткен еді.