Павлодарда филармония вокалистері Мүслім Магомаевтың әндерін орындайды
Сахнаға бірнеше шығармашылық топ шығатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
16 ақпанда Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда Мүслім Магомаевтың шығармашылығына арналған «Махаббат әуені» атты концерт өтеді.
– Кеш бағдарламасында Магомаевтың репертуарынан барлығына танымал және таныс әндер шырқалады: «Синяя вечность», Арно Бабаджанянның «Ноктюрн», Александра Пахмутова мен Николай Добронравовтың «Ты моя мелодия», «Dicitencello vuje» (Скажите, девушка, подружке вашей), – деді филармонияда.
Магомаевтың репертуарындағы үздік әндерді павлодарлық вокалистер, баритондар, көптеген байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары - Айбар Ашкеев, Алмас Мұқатай, Әлижан Қазбеков, әншілер Шолпан Ақылбек және Сара Садығұлова орындайды. Олармен бірге «Samiyan» ерлер квинтеті, «Ретро» вокалдық ансамблі, «Шернияз» би ансамблі және маэстро Виктор Шейкиннің жетекшілігімен джаз оркестрі кештің сәніне айналады.
Концерт 16 ақпанда кешкі сағат 19:00-де басталады.