Павлодарда «күйеуіне» пышақ сұққан әйел сотталды
Жанжалды еркек бастаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы №2 сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың 25 қазанында бірге тұратын әйел мен еркек Павлодар қаласындағы пәтерде спирттік ішімдік ішкен. Ер адам масаң күйде болып қызғаныштан әйелдің басынан банкамен ұрған. Бұған жауап ретінде әйел еркектің ішіне пышақ сұғып, денсаулығына ауыр зиян келтірген.
– Аталмыш оқиға бойынша әйел адам өз кінәсін мойындады және басқа да айғақтармен дәлелденді. Ер адам әйелді кешіргенін айтып, соттан бас бостандығынан айырмауды өтінді,– дейді соттың баспасөз қызметі.
Бұл қылмыс үшін қолданыстағы Қылмыстық кодексте 8 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Кінәсін толық мойындауын, жасаған әрекетіне өкінуін, соттылығының жоқтығын, жәбірленушімен татуласқанын және заңсыз әрекетін ескере отырып әйелге 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.