Павлодарда әйел өзін ұрып-соққан ер адамды кешірді

Соттың шешімі бойынша ер адамға қатысты қорғау ұйғарымы шығарылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрмыстық қатынастар негізінде отбасылық жанжалдар жиі болатын жанұялардағы жағдайды жақсарту үшін алдын-алу шараларын қолдану барысында «отбасылық жанжалқор» ретінде есепте тұрған адамдарды тексеру бойынша кезекті рейд жүргізілді.
– Түнгі сағат 21:00 шамасында күйеуі әйелін ұрып-соғып, үйде жанжал шығарды деген қоңырау келіп түсті. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттері үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, материал сотқа жіберілді, – деді департаментте.
Соттың шешімі бойынша ер адамға қатысты қорғау ұйғарымы шығарылған, алайда сотта жұбайы күйеуін кешірді.
Кезекті рейдті Оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары өткізді. Ол тұрғылықты жері бойынша және бұрын сотталған, қамау орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, әкімшілік қадағалаудағы және пробациялық есепте тұрған адамдарға барды.
– Пробациялық есепте тұрған 40 жастағы ер адамды тексеру кезінде ағасымен және көршілерімен әңгіме жасалды. Жазаны өтеу ережелерін бұзу анықталған жоқ. Есеп берушімен қайталанған қылмыстардың алдын алу және сот жүктеген міндеттерді сақтау бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деді департаментте.
Ал пәтерлерді аралап жүрген учаскелік полиция қызметкері Дамир Алиповқа әйелден «пәтерде ағасы шу шығарып жатыр» деген қоңырау келіп түскен.
– Ағасы мас күйінде жанжал шығарып, оған балағат сөздер айтқан, – деді департамент.
Тәртіп сақшылары ер адамға қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін әкімшілік материал толтырып, іс жүргізу шешімін қабылдау үшін сотқа жіберді.
Айта кетейік, жыл басынан бері полицияға отбасылық жанжалдар туралы 452 шақыру келіп түскен. Сотта 196 өтініш беруші жанжалқормен татуласты, қалған құқық бұзушылар жазаланды.