Шақат ауылында мас жүргізуші ұсталып, әкімшілік жазаға тартылды

Сотта ол кінәсін мойындап, алкоголь ішкен соң дүкенге бет алғанын айтқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында масаң күйде, жүргізуші куәлігі мен тіркеу нөмірінсіз көлік басқарған азамат А.-ға қатысты іс қаралды.
Сот материалдарына сәйкес, биылғы мамыр айында Шақат ауылында азамат А. «ИЖ Юпитер 3» маркалы мотоциклді масаң күйде басқарған. Оны тоқтатуға жүргізуші мен жолаушының қорғаныс шлемісіз жүруі және мотоциклде мемлекеттік тіркеу нөмірінің болмауы себеп болған.
Лауазымды тұлғамен әңгімелесу барысында азаматтан алкоголь иісі анық сезілген. Сол күні жүргізілген медициналық куәландыру нәтижесінде оның орташа дәрежедегі мас күйде екені расталған. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының ақпараттық базасы А.-ға ешқашан жүргізуші куәлігі берілмегенін көрсеткен.
– Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, сол күні екі құты сыра мен 200 грамм арақ ішкеннен кейін дүкенге бет алғанын айтқан. Сот істің барлық материалдарын, оның ішінде хаттаманы, медициналық қорытынды мен бейнежазбаны зерделей келе, азамат А.-ны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Сот қаулысымен оған 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды, – деді қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Қаулы заңды күшіне енді.