Павлодарда көші-қон заңын бұзған жасөспірімді жауапкершіліктен босатты

Павлодарда көші-қон заңын бұзған жасөспірімді жауапкершіліктен босатты
Фото: Константин Шелков

Отырыс барысында тәрбиелік жол таңдалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Өзбекстан азаматы, кәмелетке толмаған азаматқа қатысты әкімшілік іс қаралды.

Сот мәліметінше, жасөспірім Қазақстан Республикасының аумағында 2026 жылдың 3 ақпаны мен  4 наурыз аралығында болып, көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін елден шығуы керек болған.  Алайда ол елде қалған. Осылайша, жасөспірім 10 тәуліктен астам уақыт көші-қон заңнамасын бұзған.

Аталған әрекет әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабы 4-бөлігімен сараланады. Бұл норма шетелдік азаматтардың ел аумағында болу мерзімін асырып, уақытында шықпаған жағдайларда қолданылып, белгіленген мерзімнен асқан жағдайда бұзушылық үшін жауапкершілікке тартуды көздейді.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді.  

Оның заңды өкілі мен қорғаушысы соттан тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдануды сұрады.

Сот құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалғанын және жасөспірімнің кәмелетке толмағанын ескере отырып, ӘҚБтК-нің 68-бабы негізінде тәрбиелік ықпал ету шараларын қолданды. Аталған бап кәмелетке толмағандарға қатысты, егер құқық бұзушылық алғаш рет жасалса, оларды әкімшілік жауапкершіліктен босатып, тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдануға мүмкіндік береді. 

Нәтижесінде, сот шетелдік азаматты әкімшілік жауапкершіліктен босатты.

Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.