Павлодарда облыстық онкодиспансерде тағы бір заманауи сәулелік құрылғы орнатылады
Облыста қатерлі ісікке қарсы күрес күшейтіледі. Екінші желілік үдеткішті орнату келесі жылға жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық онкологиялық диспансері директорының орынбасары Тельман Әлғожин мәлім етті.
– Екінші желілік үдеткіш «Қазақстан халқына» қоры қаражатының есебінен алынатын болады. Биыл Орал қаласында осындай аппарат қойылды. Алдын ала болжам бойынша, желілік үдеткіш 2024 жылдың күзінде облысымызға жеткізіледі, – деді Тельман Әлғожин. – Аппарат облыстық диспансердегі арнайы бункерде қойылады. Бункерді ескі, кеңестік кезеңнең қалған аппаратты көшіру үшін ашқан едік. Бүгінде ол жер қолданысқа беру үшін дайын тұр.
Оның сөзінше, 2020 жылы кешенді жоспар барысында облыстық онкологиялық диспансерде алғашқы желілік үдеткіш орнатылған. Аталған құрал-жабдықтың көмегімен науқастар сәулелі терапия емін ала алады. Бұл алтын стандартқа сай терапия болып есептеледі.
– Бүгінде желілік үдеткіште күнделікті негізде 50-60 науқас емін қабылдап жатыр. Жылына бұл көрсеткіш 600-700-ге дейін жетеді, – деді спикер.
Тельман Әлғожиннің айтуынша, стандартқа сай сәулелік терапиямен қамту 70%-ды құрауы тиіс.
– Ел бойынша Павлодар облысы осы көрсеткіштерден көш бастап тұр. Өңірде сәулелік терапиямен 50%-ға қамтылған. Мысалы, басқа да облыстарда 20 пайызға да жетпейді, – деп атап өтті ол.
ҚР Үкіметінің 5 қазанда өткен отырысында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілген және іске асыру шаралары бес жылға бекітілді. Қауіп факторларының профилактикасы және басқару, жоғары тиімді ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативті көмек және оңалту, кадрлық әлеуетті және ғылымды дамыту бағыттары бойынша жұмыс күшейтіледі.