Павлодар облысы тұмау маусымына қамданды: өңірге 80 мың доза вакцина жеткізіледі
Вакцина қыркүйек айының ортасына дейін жеткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ), COVID-19 және басқа да тыныс жолы инфекцияларының таралуына жол бермеу үшін медициналық ұйымдардың дайындығы күшейтілуде.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Алиевтің айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес, эпидемия алдындағы кезеңде халық арасында ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін тұрғындардың кемінде 10 пайызын тұмауға қарсы вакцинамен қамту қажет.
– Осыған байланысты ағымдағы эпидемиологиялық маусымда Павлодар облысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ресей Федерациясында өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасының 80 мың дозасын сатып алу жоспарланған, – деді Батырбек Алиев.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, тұмауға қарсы вакцинация медициналық ұйымда диспансерлік бақылауда тұрған балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен қызметкерлеріне жүргізіледі.
Сонымен қатар, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары азаматтарға да вакцина алу ұсынылады. Олардың қатарында жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдер, медицина қызметкерлері, педагогтер, әскери қызметшілер, жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, сондай-ақ 65 жастан асқан азаматтар бар. Вакцинация ерікті негізде жүргізіледі.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологі Дина Шакратованың мәліметінше, науқастарды уақтылы ауруханаға жатқызу және аурудың асқынған түрлерімен ауыратын азаматтарға медициналық көмек көрсету үшін өңірде 375 төсек дайындалды. Оның 326-сы – инфекциялық бейіндегі, 49-ы – пульмонологиялық төсек.
– Вакциналардың Павлодар облысына 15 қыркүйекке дейін жеткізілуі күтіледі. Препараттарды қабылдау, сақтау және медициналық ұйымдарға бөлу иммунобиологиялық препараттарды сақтау талаптарына сәйкес жүзеге асырылады, – деді Дина Шакратова.
Мамандар тұрғындарға тұмаудың алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – вакцинация екенін еске салады. Әсіресе инфекция жұқтыру қаупі жоғары азаматтарға екпе алу ұсынылады.