Павлодар облысының денсаулық саласы жас мамандармен толықпақ

Павлодар облысының денсаулық саласы жас мамандармен толықпақ
Фото: Константин Шелков

Биыл облыс әкімінің грантымен білім алып жатқан 20 резидент пен жалпы практика дәрігері жұмысқа қабылданбақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы аймақтық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев мәлімдеді.

- Кадр тапшылығын төмендету мақсатында 1 наурыз күні өткен Астана медицина университетінің 2024 жылғы түлектерімен болған кездесуге қатыстым. Бүгінгі таңда бұл университетте Павлодар облысы әкімінің гранты бойынша 43 студент білім алуда. Оның ішінде 21 интерн және 22 резидент маманы бар, - деді басқарма басшысы.

Әнуар Бұйрашев облыстың медициналық ұйымдарында көпжылдық ынтымақтастықтың арқасында Астана университетінің 150 түлегі жұмыс істейтінін атап өтті. Оның ішінде 1 басшы, 4 басшының орынбасары және 25 бөлім меңгерушісі бар.

- Биыл аймақ медицинасына еселі еңбек ету үшін тағы да жас мамандарды қабылдаймыз. Облыс әкімінің гранты бойынша білім алушылардың арасынан 20 резидент пен жалпы практика дәрігерлерінің келуі жоспарлануда, - деді ол.

Олардың ішінде 3 акушер-гинеколог, анестезиолог, кардиолог, 3 отоларинголог, 4 офтальмолог, 5 травматолог, гематолог және жақ-бет хирургы бар.