Павлодарда сақшы тыйым салынған аймаққа өтпек болған сотталғанды тоқтатты

Павлодарда сақшы тыйым салынған аймаққа өтпек болған сотталғанды тоқтатты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқиға орнына полицияның жедел-тергеу тобы шақырылып, әскери прокуратура мен әскери полицияға хабарланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 қыркүйекте таңертең Павлодарда №24 түзеу мекемесінде төтенше жағдай орын алды. Сотталғандардың бірі ішкі тыйым салынған аймаққа өтпек болды.

Оқиға шамамен сағат 10:30-да орын алған. Бақылаушылар жолағына шыққан сотталушыны  №6679 әскери бөлімінің қарауыл қызметін атқарып тұрған сақшы байқап қалып:  «Тоқта! Артқа қайт! Тоқта! Атамын!» деп дереу дабыл берген.

Сарбаз нұсқаулық талаптарға сай дабыл түймесін басып, қарауыл бастығына баяндайды да жоғарыға ескерту оғын атады. Атылған оқтан сескенген сотталушы бірден тоқтап, кезекші қызмет күшімен ұсталды. Зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті мен №6679 әскери бөлімінің қолбасшылығы бірлесіп қызметтік тексеру жүргізуде.

Оқиғаның мән-жайы анықталуда.