Павлодарда тұрғын үй ауласы арқылы өтетін көлік қозғалысы реттелмек
Қала әкімі келесі жылы жолдың жалғасын салып, көліктерді ауладан тыс бағыттау мәселесін шешуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков тұрғындармен көшпелі кездесуінде ауладағы көлік қозғалысына қатысты шағымдарды тыңдады. Қала тұрғындарының бірі үйінің жанынан жеңіл көліктермен қатар жүк машиналары мен тракторлар да өтетінін айтты.
Әйелдің сөзінше, кейбір жүргізушілер жаяу жүргіншілерге арналған жерге көлігін қойып, адамдардың өтуіне кедергі келтіреді. Оның үстіне жақын маңдағы шахмат академиясына балаларын әкелетін ата-аналар тұрақ іздеп қиналады.
Хасар Хабылбеков аула арқылы өтетін жолды толық жабуға болмайтынын түсіндірді. Өйткені төтенше жағдай кезінде өрт сөндіру және полиция көліктерінің еркін өтуі қамтамасыз етілуі тиіс.
– Біз бұл жолды толық жаба алмаймыз. Төтенше жағдай қызметтері мен полицияның талаптарына сәйкес, көліктердің өтуіне мүмкіндік болуы керек. Бірақ келесі жылы жолдың жалғасын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонда машиналар аула арқылы жүрмейтін болады, – деді қала әкімі.
Жол құрылысы барысында қосымша автотұрақ пен тротуар салу, сондай-ақ жол белгісін орнату қарастырылған.
Тұрғындар балаларға арналған шағын футбол алаңын да сұрады. Әкім жауапты мамандарға бос жер телімін тексеріп, онда инженерлік коммуникациялардың бар-жоғын анықтауды тапсырды. Егер жер жарамды болса, алаңды келесі жылдың жоспарына енгізу көзделген.
Кездесу соңында тұрғындардың бірі биыл атқарылған абаттандыру жұмыстарына алғыс айтты. Оның айтуынша, аулаға топырақ жеткізіліп, жаяу жүргіншілер жолдары жасалған.