Павлодарда жастар саясатын дамытуға үлес қосқан белсенділер марапатталды
Шара Республика күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шығармашылық жастармен жұмыс орталығының инспекторы Зарина Ахметзянованың айтуынша, бүгін шамамен 70 ұйым мен жас белсенді ілтипатқа ие болды.
– Олардың қатарында білім беру мекемелері, еріктілер қозғалысы, әскери бөлімдер, өндіріс орындары, спорт орталықтары мен мәдени ұйымдар бар. Барлығы да – қаланың дамуына өз үлесін қосып жүрген азаматтар, – деді ол.
Марапат иелеріне «Жастар картасы» мен Алғыс хаттар табысталды. Жеңілдік карталары белсенді жастарға дүкендер мен қызмет түрлерінде жеңілдіктер ұсынады. Бұл бастама – жастардың еңбегін бағалаудың және ынталандырудың тиімді жолы.
Марапатталғандардың арасында ERG Service жастар лигасының жетекшісі Александра Гнедаш та бар.
– Жастар лигасы шамамен бес жыл бойы жұмыс істеп келеді. Мен екі жылдан бері жетекшілік етемін. Кәсіпорында түрлі бағыттар бойынша ішкі бағдарламалар бар: спорттық, мәдени, еріктілік, кәсіби даму жобалары. Мақсатымыз – жастардың кәсіпорын мен қоғам өміріне белсенді араласуын қамтамасыз ету, – деді ол.
Еңбегі еленген азаматтардың қатарында машина жасау колледжінің волонтёрлері де болды. Олар қоғамда белсенді жұмыс атқарып, әлеуметтік бастамаларға қатысып жүр.
– Біздің топ зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектеседі. Мысалы, жеке үйлерде тұратын қарт адамдарға көмір тасып беру, ауласын тазалау сияқты жұмыстарды атқарамыз. Сонымен қатар, жастар арасында есірткіге қарсы акциялар, балалар үйлеріне және ауруханаларға бару, экологиялық сенбіліктер өткіземіз, – деді колледж студенті, ерікті Егор Ковалёв.
17 жастағы жас белсенді қоғам игілігі үшін еңбек етуді өзінің өмірлік бағыты деп санайды.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының өкілдері ерекше форматтағы марапат арқылы белсенді азаматтардың саны артып, олардың үлгісі өзгелерге мотивация болады деген үмітте.