Павлодарда Отбасы күніне орай ERTIS AULA FEST өтеді
Қала тұрғындарын ұлттық ойындар, отбасылық эстафета мен түрлі ойын-сауық бағдарламалары күтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жасыл Ел» облыстық штабының мәліметінше, фестиваль Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің қолдауымен, құқық қорғау органдары және қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесіп ұйымдастырылады.
Бағдарламада асық ату, тоғызқұмалақ және садақ ату секілді ұлттық ойындар қарастырылған. Сондай-ақ ата-аналар мен балалар бір команда болып қатысатын спорттық отбасылық эстафета өтеді.
– Фестиваль қонақтарын спорттық, отбасылық және ойын-сауыққа толы ауқымды бағдарлама күтеді. Бұл – демалыс күнін отбасымен бірге белсенді өткізуге, ұлттық спорт түрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Бұдан бөлек, қатысушылар үшін спорттық белсенділіктер, түрлі ойындар мен байқаулар, шығармашылық қойылымдар және музыкалық бағдарлама ұйымдастырылады. Балаларға арналған ойын-сауықтар да қарастырылған.
ERTIS AULA FEST 12 қыркүйекте сағат 11:00-де Малайсары батыр көшесі, 55 мекенжайында басталады.