Павлодарда түнде ән салған тұрғындар ескерту алды
Биыл түн тыныштығын бұзғаны үшін өңірдің 5296 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, түнде сағат 02.32-де Назарбаев даңғылы көшесіндегі үйдің тұрғыны қоңырау шалып, көршілері музыканы қатты қойып тыңдап, ән айтып, көпқабатты үйдің тұрғындарына ұйықтауға кедергі келтіретінін айтқан. Сол түні сағат 03.21-де Малайсары батыр көшесіндегі көпқабатты үйден осындай шақыру түсті.
– Тәртіп бұзушылары әкімшілік жауапкершілікке тарылды. Сондай-ақ, олардың әрқайсысымен тыныштықты сақтау және көршілерге құрметпен қарау қажеттілігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деді департаментте.
Полицейлер мұндай құқық бұзушылықтардың куәсі болған жағдайда «102» нөміріне хабарласуға немесе барлығын бейнежазбаға түсіріп, Рolice 102 мобильді қосымшасына жіберуге кеңес береді.