Ертіс ауданында тасқын суды ауылдан шығару үшін бөгет салынады
Бұл тәсіл Розовка ауылындағы ағысты толығымен тоқтатқан болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов су тасқынына қарсы жұмыстарды бақылау үшін Ақтоғай мен Ертіс аудандарына барып, жедел штабтардың отырысын өткізді.
– Бүгін жаңбыр мен желдің күшеюі су басу қаупі бар ауылдарды ұшақпен аралауға мүмкіндік бермеді. Жалаулы ауылында жағдай күрделі. Ауыл ойпаң жерде тұр және көктемде бірнеше рет су басты. Мұнда мәселені кешенді шешу қажет,– деп жазды аймақ басшысы өзінің Instagram парақшасында.
Жергілікті жерде еріген суды жинау үшін қолда бар үш шұңқырды кеңейту және даладан ауылға аққан судың бағытын бұру үшін ұзындығы 6 километр бөгет салу туралы шешім қабылданды. Бұған облыстық бюджеттен қаражат бөлінеді.
– Бұл тәсіл бізге кеше түнде Розовка ауылына аққан суды толығымен тоқтатуға мүмкіндік берді. Одан кейін судың деңгейі күрт төмендеп, жағдай тұрақталды. Қазір жергілікті билік ауыл ішіндегі су басқан учаскелерді құрғату жұмыстарын жүргізуде,– деді Асайын Байханов.
Ертісте аудан орталығы мен Қарақұдық ауылының 5 үйін су басу қаупі бар, онда жергілікті билік пен ТЖД күшімен еріген су сорып шығарылуда.
Асайын Байханов аудан әкімдеріне су тасқынының салдарын ғана емес, оның себептерін де жоюды тапсырды.