Павлодарда «Қауіпсіз өмір» жобасына еріктілер қабылдануда
Өтінімдер алтыншы тамызға дейін қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бастама Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтың қолдауымен, Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімі мемлекеттік мекемесінің «Қауіпсіз орта» бағыты бойынша бөлінген шағын гранты аясында жүзеге асырылуда.
Оған қатысушылар алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеріп, өрт, су тасқыны және өзге де төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету тәртібін үйренеді.
Бағдарлама аясында еріктілер тәжірибелік оқу-жаттығулар мен тренингтерден өтеді. Кейін жергілікті бастамашыл топтың мүшелігіне үміткер бола алады. Сонымен қатар, қоғам қауіпсіздігін арттыруға өз үлесін қосуға мүмкіндік алады.
– Бізбен бірге қоғам игілігі үшін әрекет етіңіз. «Қызыл Ай» еріктілерінің қатарына қосылып, адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін білім мен тәжірибе алыңыз, – деді ұйымдастырушылар.
«Қауіпсіз өмір» бастамасына қатысты қосымша ақпаратты 8 705 214 95 67 нөмірі арқылы үйлестіруші Гүлнара Исақановадан алуға болады.