Павлодар облысының қанша тұрғыны рұқсат етілмеген жерден өткені үшін жазаланды?
Оларға айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көбіне жасөспірімдер гаджеттеріне көңілдері ауып кетіп, жол ережелерін елемей қалады. Сондай-ақ, егде жастағы тұрғындар жаяу жүргіншілер өткелінен өтуге ерініп, жол ережелерін жиі бұзады.
– Бүгінде облыстың 3606 тұрғыны жақын жерде тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолы бола тұра, рұқсат етілмейтін жерде жолдан өтуі үшін жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушыларға 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, ал бір ішінде рұқсатсыз жерден қайтадан өткені үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін, – деді департаментте.
Бұдан бөлек, 1140 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермеді. Мысалы, «Daewoo Nexia» маркалы автокөлік жүргізушісі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды өтпекші болған жаяу жүргіншіге жол бермеді. Жүргізуші 10 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалады.
Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарын жолда сергек және мұқият болуға шақырады және ережелер барлығына бірдей екенін ескертеді.