Павлодарда тұрғындар ұсынған сквер жобасы қарастырылады
Шаһарда аумақты абаттандыру мәселесі тұрғындармен өткен кездесуде талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиын барысында тұрғындар аула аумағына сквер салу, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу және қоқыс контейнерлеріне арналған алаңды басқа жерге ауыстыру жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков сквер салу жобасы қайта пысықталатынын, ал тұрмыстық қалдықтарға арналған орын үшін балама аумақ қарастырылатынын жеткізді.
– Сквер бойынша жобаны қайта қараймыз. Ал қоқыс контейнерлері орналасатын орынға қатысты басқа нұсқаларды қарастырамыз. Барлық санитарлық талаптар сақталатын болады. Контейнер қоятын алаң мен орындықтардың орналасуын көрсететін сызба әзірлеп, ауланы абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз, – деді Хасар Хабылбеков.
Әкімнің айтуынша, жұмыстарды бастау үшін Қамзина көшесі, 74 және 68-үйлердің тұрғындары жалпы жиналысын өткізіп, тиісті хаттама рәсімдеу қажет. Тұрғындардың үштен екі бөлігі контейнер алаңының орналасуына және аумақты абаттандыруға келісім беруі тиіс.
Сонымен қатар, тұрғындар көгалдандыру жұмыстарына атсалысып, көшеттер мен ағаштар отырғызады. Ал қоршау өз орнында сақталады.