ҚР ТЖМ павлодарлық еріктілерге алғыс білдірді

Өңірдегі еріктілер ұйымдары Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күнін атап өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
27 ақпан күні өткен салтанатты шарада облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшылығы волонтерлердің қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, олардың төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жоюға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ, еріктілер арасында белсенділігімен ерекшеленген «Легион-14» қозғалысының өкілі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы марапатына ие болды.
Айта кету керек, облыстық ТЖД волонтерлік ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан. Олардың қатарында ҚР «Қызыл Ай қоғамы», «Добряков клубы», «Павлодар қаласының іздеушілері VITA» қоғамдық бірлестігі, «Майдан жолы» Павлодар іздестіру-зерттеу отряды, «Замандас-Павлодар» ардагерлер клубы, Екібастұз қаласының «Легион 14» ПГО ұйымы, «Ашық жүрек» мектеп волонтерлік жасағы, Мәшһүр Жүсіп атындағы «Забота» NIS еріктілер клубы, Марғұлан университетінің «LOTOS» еріктілер ұйымы және Торайғыров университетінің «Lavie Добро» студенттік волонтерлік ұйымы бар.
Аталған ұйымдар түрлі профилактикалық іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына белсене атсалысып қана қоймай, төтенше жағдайларды жою, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында да үлкен қолдау көрсетіп келеді.
Департамент өкілдері барлық еріктілерге шынайы алғысын білдіріп, олардың еңбегі қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті.