Аңға шыққан тазы: Павлодарлық жас суретшілер арасында байқау өтеді
Үздік жұмыстар Қазақстан кинологтар одағы өткізетін «Қазақтың тазысы» көрмесіне қойылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шердің айтуынша, «Мен және менің тазым» балалар сурет байқауына 7-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары кез келген сурет техникасы бойынша жұмысты орындау арқылы қатыса алады.
– Байқау екі номинация бойынша өтеді: «Менің адал досым – тазы» бөлімінде иттің қалай сенімді досыңыз және серігіңіз болғанын суреттеу қажет болса, «Аңға шыққан тазы» бөлімінде аңшылықтың қызықты оқиғаларын бейнелеу керек. Жұмыстарды 11 қазанға дейін қабылдаймыз, – деді Раиса Шер.
Сызбаларды суретке түсіріп, jpeg форматында konkurs.muz@mail.ru мекенжайына жіберу керек. Файл өлшемі үш мегабайттан аспауы керек. Бір қатысушы бірнеше номинацияға әртүрлі жұмыстарымен қатыса алады. Байқау жұмыстары бұрын интернетте жарияланбаған болуы тиіс.
– Өтініште қатысушының тегі, аты, облыс, аудан, қала, білім беру ұйымының атауы, сыныбы, қатысушының жасы, басшының деректемелері, лауазымы және жұмыс орны көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ авторлар жетекшінің байланыс ақпаратын көрсетуі керек, – дейді ұйымдастырушылар.
Байқау 16 қыркүйек-14 қазан аралығында өтеді, қорытындысы 22 қазанда жарияланады. Жеңімпаздарға дипломдар, мұғалімдерге Алғыс хаттар, ал барлық қатысушыларға сертификаттар беріледі.
Қосымша ақпаратты 8 (7172) 64 75 92 телефоны бойынша алуға болады.