Павлодарлықтар Ертіс суын жіберудің оңтайлы нұсқасын ұсынды
Ол Ертіс жайылымының 70 процентін суландыруға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары облыстық басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева хабарлағандай, биыл Бұқтырма су қоймасының былтырғы көрсеткіштен 19 процентке артық толған. Сол себепті павлодарлықтар Ертіс өзенінде табиғи су жіберу бойынша Ведомствоаралық комиссия назарына бірқатар ұсыныс жеткізді.
Біріншіден, Ертісте су жіберуді сәуір айының бірінші онкүндігінде бастап, 5,0-5,5 текше километр көлемінде орындаған жөн. Бұл істі 20 күн ішінде орындаған жағдайда жайылымның 70 процентін суға толтыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Асайын Байханов биыл су көлемі былтырғыдан гөрі 35-40 процентке артық көлемде күтілетінін айтты. Өңір басшысы жоғарыда аталған ұсынысты орталық мемлекеттік органдарға жеткізетінін атады.