Павлодарда зағип жандардың картиналары қайырымдылық көрмесінде ұсынылады

Көзі нашар көретін адамдар сезімдерін ақ кенепте бейнелеуге тырысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
3 қазан күні сағат 11:00-де Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Жанарымдағы жарық күн» атты қайырымдылық көрмесі өтеді.
Іс-шара Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен, «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Ақсу толқыны» жазғы мәдени-ойын-сауық жобасы аясында болады.
Көрмеге 34 картина қойылып, өнер сүйер қауым назарына ұсынылады.
– Пабло Пикассоның атақты сөзі бар:«Кескіндеме мен сурет – зағиптардың кәсібі. Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді». Меніңше, бұл сөздерде терең шындық жатыр. Өйткені, шынайы өнер ішкі жан дүниеден туады. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың туындыларында айқын көрінеді, – дейді белгілі қазақстандық суретші Ренат Елубаев.
«Жанарымдағы жарық күн» атты көрменің мақсаты – денсаулығында кінәраты бар дарынды азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту, қатысушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру, тактильді қабылдауды, қиялды және ұсақ моториканы дамыту арқылы адамдардың физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан өнерге бейімдеу, өз қабілеттеріне сенімділікті нығайту.
Көрме 15 қазанға дейін жұмыс істейді.