Павлодарда жас шабандоз миллионер атанды
Бәйге «Құлагер» ипподромында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ат жарысы қала күніне орай ұйымдастырылды. Бәйгені көруге келген павлодарлықтар мен қонақтар үшін лотерея ойнатылды. Сегіз шақырым қашықтықтағы өткен құнан бәйгеде алғашқы болып қарағандылық жігіт Самбалақ атты тұлпарымен жетті.
Ал 24 шақырымдық ат жарысы қатысушыларға оңай берілмеді. Кейбір сәйгүліктер орта жолда шаршап, бәйгеден шығып қалды. Аламан бәйгеде шабандоз баланың төзімі, тақымының мықтылығы да сынға түседі. Галицкий ауылының тумасы Аян есімді бала Сафлор тұлпарымен қиынға соққан жарыста жеңіп, мәреге бірінші болып келді. Жасөспірім бәйгеде 1,5 миллион теңге ұтты.
Ат жарысына қатысқан Астана қаласының тұрғыны екінші орынды иеленіп, 700 мың теңгені жеңіп алды. Ал жеңіс мәресіне үшінші болып жеткен Абай облысының шабандозы 400 мың теңге иеленді. Басқа да бәйге түрлерінің жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар берілді.